Ішкі істер министрлігі самокатпен тәртіп бұзғандарды анықтаудың әдісін тапты

Министрлік жалға берілетін самокаттардың идентификациялық нөмірін үлкен сандармен жазуды ұсынып отыр
Sputnik
АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха самокатпен тәртіп бұзушылық жасаған адамдар қалай анықталатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрлік жалға берілетін самокаттардың идентификациялық нөмірін үлкен сандармен жазуды ұсынып отыр. Сол нөмір арқылы самокат мінген адамды анықтауға болады.
"Идентификациялық нөмірді фирма-агрегатордың өзі қояды. Біз ол нөмірлерді үлкейтіп жазу қажет деп санаймыз. Нөмір анық көрінуі керек. Мысалы, біреу баланы самокатпен қағып кетсе, оны көрген адамдар бірден полицияға хабарласып, осындай нөмірі бар самокат баланы қағып кетті деп айтады. Одан кейін біз агрегатормен бірге дәл сол уақытта самокатты жалға алған адамды анықтаймыз. Сөйтіп, құқық бұзушылық жасаған адамды табамыз", - деді Лепеха журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ондай тәжірибе Ресейде бар. Мәскеудегі самокаттардың идентификациялық нөмірі үлкен сандармен жазылады.
"Ал бізде кіп-кішкентай сандармен жазылады. Содан самокат мінетіндер ешкім таппайды деп, қалай болса, солай жүре береді", - деп түйіндеді Лепеха.
Самокат мінетіндер нені білуге тиіс – сенат заңды мақұлдады