АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. 13 мамырдан бастап "Шу-Бурылбайтал" автожолы ақылы болады. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы хабарлады.
Көлік министрінің м.а. 2025 жылғы 22 сәуірдегі № 133 бұйрығына сәйкес осы жылдың 13 мамырдан бастап республикалық маңызы бар "Шу-Бурылбайтал" автомобиль жолының 92,2-268 шақырым аралығындағы учаскесі ақылы болады.
Ақылы жол учаскесінің жалпы ұзындығы 175,8 шақырым, ІІ-санат, өту жолағының ені кемінде 3,75 метр, екі бағытта бір жолақ.
"Балама тегін жол "Шу – Қайнар – Кенен – Қарабастау – Қаншеңгел – Ақсүйек – Бурылбайтал" автомобиль жолы арқылы ұсынылады. Бұл учаскеде жеңіл көліктер үшін төлем алынбайды. Ал автобустар мен жүк көліктері үшін айлық және жылдық абонемент ұсынылады. Ол үшін 1403 байланыс орталығына хабарласу қажет", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, төлемді кейінгі немесе алдын ала төлеуге болады. Жүргізушілерге ыңғайлы болу үшін екінші деңгейлі банктер арқылы онлайн төлем қарастырылған.