АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Астана әуежайын дамытуға 1,1 миллиард доллар инвестиция салынады.
Ұзақ мерзімді инвестициялық келісімге 12 мамырда Ақордада Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның сапары кезінде қол қойылды. Құжат Қазақстан көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited (Terminals holding, БАӘ құрамына кіреді) компаниясы арасында жасалған.
Қазақстанның Көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited ұзақ мерзімді инвестициялық келісімге қол қойды
© Photo : Министерство транспорта Казахстана
Бүгін Қазақстан көлік министрлігі толық мәлімет берді.
"Келісімді іске асыру шеңберінде инвестор екінші ұшу-қону жолағын (ҰҚЖ), үшінші жолаушылар терминалын, сондай-ақ жүктерді ауыстырып тиеуге арналған Cargo терминалын салады. Сондай-ақ инвестор индустриялық - логистикалық аймақ пен қонақ үйлер, сауда алаңдары, логистикалық терминалдары бар бизнес-кластерді қамтитын көпфункционалды кешен-аэротрополисті дамытуды жоспарлап отыр", - деп хабарлады ведомстводан.
Бұдан басқа, инвестор арнайы техника паркін жаңғыртады, цифрлық шешімдер мен автоматтандыру жүйелерін енгізеді, сондай-ақ әуежай персоналын кезең-кезеңімен оқытып, біліктілігін арттыртады. Барлық қызметкер халықаралық авиациялық талаптарға сәйкес сертификатталған тренингтерден өтеді, деп атап өтті министрлік.