АСТАНА, 9 мамыр – Sputnik. Солтүстік Норвегияның Лофотен аралдарындағы Вествогёй коммунасында кеңес сарбаздарының құрметіне мемориалдың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Үш жауынгер 1945 жылдың наурызында Остад ауылындағы нацистік лагерьден қашу әрекеті кезінде қаза тапқан. Олардың бірі Қостанай облысының тумасы - Иван Поворознюк.
Иван Поворознюк 1921 жылы Қостанай облысы Введенский ауданы Алешинка ауылында дүниеге келген. Ол 1941 жылы сәуірде әскерге шақырылды және 1942 жылдың наурызынан бері хабарсыз кетті. Тек бірнеше онжылдықтардан кейін ғана норвегиялық зерттеушілер мен Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігінің күш-жігерінің арқасында оның тағдыры мен қаза тапқан жері анықталды.
Мемориал жергілікті тұрғын Пер-Коре Холдал басқарған топтың бастамасымен және Қазақстанның Норвегиядағы елшілігінің белсенді қатысуымен салынды.
Мемориалдың ашылу салтанатына жергілікті билік басшылығы, қоғам өкілдері, Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Әділ Тұрсынов, сондай-ақ қаза тапқан қазақстандық жауынгердің туысы – Лариса Кушнарёва қатысты.
Бұл оқиға екі ел халықтарының арасындағы достықтың тағы бір дәлелі болды.