АЛМАТЫ, 8 мамыр - Sputnik. Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне 109 ардагерге жалпы сомасы 545 млн теңге біржолғы материалдық көмек төленді, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
"Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне бүкіл ел бойынша жергілікті атқарушы органдар ҰОС ардагерлеріне бірыңғай мөлшерде – 5 млн теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетті", - деді Олжас Анафин.
ҰОС-да жеңіске үлес қосқан азаматтардың басқа санаттарына да 50-ден 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетілді. Вице-министр 2025 жылғы 8 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 105 соғыс ардагері, сондай-ақ жеңіске үлес қосқан 40 707 азамат тұратынын хабарлады. Олардың ішінде:
Қоршаудағы Ленинград тұрғындары - 64 адам;
концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 129 адам;
ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайы - 1638 адам;
ҰОС – да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері - 2 адам;
тыл еңбеккерлері - 38 874 адам бар.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ҰОС ардагерлері үшін алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері 271 802 теңге, ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 179 800 теңге болды.
Соғыс ардагерлеріне және жеңіске үлес қосқан басқа да санаттарға "Жеңістің 80 жылдығы" мерейтойлық медальдар табыс етілді.