АЛМАТЫ, 7 мамыр - Sputnik. Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған дрон-шоу болады. Аспанда Ұлы Отан соғысы батырларының бейнесі көрсетіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдік.
9 мамыр күні сағат 21:00-де Абай алаңында Жеңістің 80 жылдығына орай алматылықтар мен қала қонақтарына ерекше жарық шоуы ұсынылады – 500-ден астам дрон қатысатын ауқымды көрініс өтеді.
"Көрсетілімнің басты ерекшелігі – соғыс жылдарында Қазақстанды даңққа бөлеген батырлардың бейнесі көрсетіледі. Алматы аспанында аты аңызға айналған қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының бейнесі жарық арқылы жанданады. Заманауи технологиялар мен жарық анимациясының көмегімен батырлардың ерлігі мен рухы көріністер арқылы елге таныстырылады", - делінген хабарламада.
Дрон-шоуды тамашалауға арналған бірнеше ыңғайлы алаң дайындалды. Басты орындар: Абай алаңы, "Қазақстан" қонақ үйінің маңы, Caspian University жанындағы орын және Абай даңғылы бойындағы аумақтар – Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін.
Іс-шараны дайындау және өткізуге байланысты 9 мамыр күні сағат 18:00-ден 21:30-ға дейін қала орталығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ, Достық даңғылының Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында жол жабылады.