АСТАНА, 6 мамыр - Sputnik. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай "Жеңіске дейін 100 күн" акциясы аясында Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің қызметшілері соғыс және тыл ардагерлеріне ерен еңбектері үшін құрмет көрсетті.
Ұландықтар соғыс ардагерлері Анатолий Александрович пен тыл ардагері Екатерина Сергеевнаның үйіне барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Сарбаздар ардагерлердің алдында саптық жүріспен өтіп, патриоттық әндер орындады.
Ардагерлерге айрықша құрмет көрсетіліп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан арнайы мерекелік медальдар табысталды.
Кездесу барысында ардагерлер жүрекжарды лебізін білдіріп, сарбаздарға ақ батасын берді.
"Бүгінгі бейбіт күніміз – кешегі жанқиярлықпен келген жеңістің жемісі. Біз көрген сұрапыл соғысты тілмен айтып жеткізу қиын. Бірақ ең бастысы – халықтың бірлігі мен қайсар рухы бізге жеңіс әкелді. Сол рух сендерде де бар екенін көріп қуанып отырмын", – деді соғыс ардагері Анатолий Александрович.
Тыл еңбеккері Екатерина Сергеевна да сарбаздардың сап түзеп, әнмен келіп құттықтағанына ризашылығын білдірді.
"Соғыста оқ пен оттың ортасында жүрген ерлердің артында біз – тылдағы еңбек адамдары тұрдық. Бір үзім нанды бөлісіп жеген, жанын шүберекке түйген заман еді. Қазір бәрі басқа, бірақ тарих ұмытылмауы керек. Бүгінгі ұрпақ бізді ұмытпай, төрімізден орын бергеніне шексіз алғыс айтамын", – деді тыл ардагері.
Мұндай кездесулер ардагерлерге құрмет қана емес, сонымен қатар жас ұрпақ үшін терең тәрбие болып табылады. Бұл ұрпақтар сабақтастығын, рух пен патриотизмнің айқын көрінісі.