АСТАНА, 5 мамыр – Sputnik. Ақмола облысындағы Ерейментау қаласында 10 мың бас ірі қараға арналған сиыр етін өндіретін агроөнеркәсіп кешені салынады, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жоба аясында жылына 90 мың тонна жем және 7,6 мың тоннадан астам сиыр етін өндіру жоспарланған.
Жобаның инвесторы — "Big Farm" ЖШС. Компания бұл тік интеграцияланған кешенге 77 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.
"Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттырып, 380 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қызметкерлер үшін тұрғын үйлер салу да қарастырылған", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар "Ерейментау-Астық" ЖШС 10 мың бас қойға арналған бордақылау және өсіру фермасының құрылысын бастады.
Компаниялар тобының бас директор орынбасары Қоныспек Нұрғазиннің айтуынша, жоба аясында бордақылау алаңына арналған базаны салу және қайта жаңарту, серуен алаңдарын, қоршаулар мен астық қоймаларын, сондай-ақ мал азығын өндіретін цех тұрғызу көзделген. Сонымен қатар тракторлар, азық таратқыштар мен жем өндіруге арналған құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарланған.