АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Астанадағы ғимараттардың бірінде ардагер Нашарбек Шамшановтың құрметіне ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Ұлы Отан соғысының ардагері Нашарбек Шамшанов 1983-1991 жылдар аралығында Сейфуллин көшесі, 12-үйде мемориалдық тақта орнатылған үйде тұрған.
"Соғыс басталмай тұрып әскер қатарына шақырылып, соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан Нашарбек Шамшанов Ұлы Отан соғысының екі бірдей медалімен, "Кенигсбергті алғаны үшін" медалімен марапатталды. Жеңістен кейін ол үйіне оралып, бейбіт уақытта елге қызмет етуді жалғастырды – теміржолда машинист болып жұмыс істеді, тепловоздар мен электровоздарды басқарды", - деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов.
Ардагер жұбайымен бірге 13 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде оның қырыққа жуық немересі мен шөбересі бар.