АСТАНА, 30 сәуір – Sputnik. АҚШ президенті Дональд Трамп ABC телеарнасына берген сұхбатында ресейлік әріптесі Владимир Путиннің Украина төңірегіндегі жағдайды реттегісі келетініне сенім білдірді.
"Ол (Путин – ред.) соғысты тоқтатқысы келіп жүр деп айтар едім", - деді Трамп.
Ақ үйдің қожайыны сондай-ақ "Путин мені құрметтейтіндіктен бүкіл Украинаны басып алмайды" деп мәлімдеді. Сонымен бірге ол бейбітшілік орнату мәселесінде Ресей басшысы "біраз басын қатыруы" мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Дүйсенбі күні Ресей басшысы Жеңістің 80 жылдығын тойлау кезінде атыс тоқтатылатынын жариялады. Ол 7 мамырдан 8-іне қараған түнгі сағат 00:00-ден бастап, 10 мамырдан 11-іне қараған түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Осы уақытта барлық әскери іс-қимыл тоқтайды.