Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша Ұлыбритания, Германия елдерінен озды

Елімізде 4G-ге қарағанда 5G он есе жылдам болып шықты
Sputnik
АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Биыл наурыз айында Қазақстан мобильді интернеттің жылдамдығы жағынан әлемдік рейтингте бір сатыға көтеріліп, үздік 50 елдің қатарына енді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Finprom.kz порталына сілтеме жасап.
"Ookla" халықаралық компаниясының зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы мобильді интернеттің жылдамдығы 5G желілерін дамытудың арқасында күрт өсті. Бүгінде секундына шамамен 81,7 Мбит-ті құрайды. Соның арқасында Қазақстан рейтингте Румыния, Мажарстан, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Жапония және тағы басқа елдерден басып озды. Ал Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен де жоғары болды.
"Осылайша, Қазақстандағы мобильді интернеттің жылдамдығы Өзбекстанмен салыстырғанда 58 процентке, Қырғызстанмен салыстырғанда 75,9 процентке, Армениямен салыстырғанда 94,8 процентке, Ресейден 2,2 есеге, ал Беларусьтен 4 есеге артық болып тұр", - дейді мамандар.
Айта кетері, Қазақстанда 2023 жылдан бері 5G желілерін дамыту жұмыстары атқарылып келеді. Жылдың басында республика бойынша орнатылған 5G базалық станцияларының саны 3 мыңнан асты. 4G-дің жылдамдығы секундына 32,59 Мбит болса, 5G одан он есе жылдам, секундына 332,11 Мбитті құрайды.
Интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан әлемде соңғы орынның бірінде тұрақтады