АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Мәжілістің қарауына Салық кодексіне қатысты түзетулердің екінші пакеті енгізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Түзетулердің негізгі бағыттарының бірі – қызметкерлердің табыс деңгейіне қарай жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемелерін енгізу.
"Төмен табыс табатын азаматтар жоғары жалақы алатындарға қарағанда төмен мөлшерлеме бойынша салық төлейтін болады",- дейді министрлік мамандары.
Басқа да түзетулер:
медицина, білім беру, әлеуметтік аударымдар сияқты шығындары бойынша шегерімдерді оңтайландыру (қазіргі 14 АЕК орнына 30 АЕК мөлшерінде бірыңғай базалық шегерім енгізіледі);
экспорттық-кредиттік агенттікке салық салу тәртібін белгілеу және банк қызметі үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін нақтылау;
мемлекеттік және квазимемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табыстарға салық салу;
қоғамдық денсаулыққа қосымша қамқорлық жасау үшін энергетикалық сусындарға акциздер енгізу;
экспорттық төлемдерге, соның ішінде ренталық салыққа түсетін жүктемені мұнай өндіру кезеңінде төленетін салыққа ауыстыру.
Сонымен қатар, екінші пакет аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инвестициялық саясат, әлеуметтік төлемдер тәртібі секілді бірқатар ілеспе заңдарға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Ал міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру саласында, сондай-ақ арнайы салық режимдерін қолданудағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтіледі.