АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Жамбыл облысының Жуалы ауылында Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында және Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай, батырдың туған жерінде — аудан прокуратурасы ғимаратының алдында ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Сондай-ақ прокуратура ғимаратында Бауыржан Момышұлының өмір жолын және майдандағы ерлігін қамтитын естелік бұрышы ашылды.
Айта кету керек, өткен ғасырдың 30-жылдары Бауыржан Момышұлы Жуалы ауданының прокуроры болып қызмет атқарған.
"Бұл – жай ғана тағзым емес, бұл – ерлік, ар-намыс пен патриотизмнің символы. Батырдың "Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды" деген сөзі — Отанға қызмет етіп жүрген әрбір жан үшін мәңгілік бағдаршам", - деді Бас прокурор Берік Асылов.
Сонымен қатар Жамбыл облысы прокуратурасының Тараз қаласындағы ғимаратының алдында соғысқа қатысқан батырларға арналған тағы бір ескерткіш тақта ашылды. Онда Бауыржан Момышұлы мен соғыстың ең қиын жылдарында құқықтық тәртіпті қалыптастыруға үлес қосқан басқа да прокурорлардың есімдері жазылған.