Көкшетауда лауазымды тұлғалар "Набережная" салуға бөлінген қаржыны талан-таражға салған

"Набережная" жобасы бойынша жұмыстың бір бөлігі Атбасар қаласында басқа объекті салуға бағытталған қаржы есебінен салынған
Sputnik
АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Көкшетау қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің экс басшысы мен "М-Строй Проект" және "ПавлодарЭнергоМонтаж" серіктестігі басшылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды өңір прокуратурасы.
2021 жылы Көкшетау қаласында ескі аэропорттан бастап қан орталығына дейін "Набережная" жағалауын салуға мемлекеттен 170 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Күдіктілердің әрекеті аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру – талан-таражға салу фактісі бойынша сараланды.

"Айыпталушыларға мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Күдіктілердің барлығы сот санкциясымен күзетпен ұстауға алынды. Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған Астана қаласында 95 млн теңгеге бағаланған коммерциялық жылжымайтын мүлік табылды", - делінген хабарламада.

Ал Көкшетаудағы "Набережная" жобасы бойынша жұмыстың бір бөлігі Атбасар қаласында басқа объекті салуға бағытталған қаржы есебінен жасалғаны анықталды.
"Бұл іске қатысы бар бір күдікті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабының 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Қылмыстық іс бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - деді өңір прокуратурасы.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталу сатысында. Бұл іс бойынша соңғы нүктені сот қояды.
Шымкентте 6 лауазымды тұлға жауапқа тартылды