Тоқаев үкіметке Маңғыстау облысындағы су тапшылығын азайтуды тапсырды

Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Үкімет пен "Самұрық-Қазына" қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды. Бұл туралы президент Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
"Бірінші. Облыстағы басты міндеттің бірі – тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Табиғи өсімге және көші-қон үдерісіне байланысты аймақтағы халық саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл мәселе бойынша мен жаңа да айтып кеттім. Сондықтан ауыз су мәселесінің өзектілігі күн өткен сайын арта түседі", - деді Тоқаев.
Президент МАЭК-тің су тұшыту қуаты жеткіліксіз болғандықтан, әсіресе, жаз айларында ауыз су тапшылығы қатты сезілетінін айтты. Қазір үш қалаға және орталық құбыр желісі бар 59 елді мекенге ауыз су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр.
Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр.
"Кендірлідегі жоба іске қосылған соң, Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни, мамыр айында аяқтау керек", - деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, 2023 жылы "Астрахань – Маңғышлақ" магистральді су құбыры жаңғыртылды. Оның су өткізу мүмкіндігі күніне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артты.
"Бірақ бұл құбыр батыс аймақтың суға сұранысын толық өтей алмайды. Оның үстіне, құбыр арқылы келетін суды әбден тазарту керек. Сондықтан судың өзіндік құны қымбатқа түседі. Үкімет "Самұрық-Қазына" қорымен бірге осы аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауға тиіс", - деп тапсырды президент.
Елде ауыз сумен қамту 100%-ға жақындады