Елде ауыз сумен қамту 100%-ға жақындады

© Public DomainАуыз су
Ауыз су - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2025
Жазылу
Қалаларда халықтың 99,4%-ы, ал ауылдарда 97,8%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған
АСТАНА, 26 наурыз - Sputnik. Соңғы жылдары ауыз сумен қамту деңгейі айтарлықтай артты, деп мәлімдеді құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, қалаларда халықтың 99,4%-ы, ал ауылдарда 97,8%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

"Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін республикалық бюджеттен 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Әсіресе халқы тығыз орналасқан ауылдарға басымдық берілді. Нәтижесінде 10 өңірдегі қалалар мен Маңғыстау облысының ауылдары толықтай ауыз сумен қамтылды", – деді комитет төрағасы.

2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін биыл бюджеттен қосымша 176 млрд теңге бөлініп, 410 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде қалаларда 89 жобаға 71 млрд теңге, ал ауылдарда 321 жобаға 106 млрд теңге қарастырылған.
"Халқы аз ауылдарда суды тиімді жеткізу үшін шағын су тазарту модульдері орнатылуда. Алайда, кейбір ауылдарда тұрғындар жеке құдықтары мен ұңғымалары бар болғандықтан, орталық су жүйесіне қосылудан бас тартуда. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, су сапасын тексеру жұмыстары жүргізілуде", – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Су сапасының тұрақты болуы инфрақұрылымның тозу деңгейіне тікелей байланысты. Қазақстан бойынша су құбырларының жалпы ұзындығы – 106,7 мың шақырым, олардың тозу деңгейі 39%-ды құрайды.
Мәселені түбегейлі шешу үшін "Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту" ұлттық жобасы қабылданды. Бұл жоба аясында 10 мың шақырым желі жаңартылады. Оның ішінде 5 мың шақырым су құбыры желілері жөндеуден өтеді.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін барлық қала мен ауылды 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.
Вода - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2024
Бектенов бір жарым жыл ішінде халықты 100% таза ауыз сумен қамтуды тапсырды
Жаңалықтар
0