Ақмола облысында 450 адамға 5 млрд теңге несие рәсімдеген қылмыстық топ құрықталды

Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша 24 тұлға күдікті деп танылып, оның 15-і сот санкциясымен қамауға алынды
Sputnik
АСТАНА, 17 сәуір - Sputnik. Ақмола облысында 450 адамның атынан заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды өңір прокуратурасы.
Өткен жылдың сәуір айында Зеренді ауданы прокурорының жергілікті халықпен кездесуінде әлеуметтік осал топқа жататын аудан тұрғындарының атына белгісіз біреулер ақшалай несие рәсімдегені айтылған.

"Осы заңсыз әрекетке қатысты аудан прокурорының бастамасымен жедел іздестіру шаралары басталды. Нәтижесінде 2024 жылдың қараша айында алаяқтық дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, оның мүшелері алдау жолымен екінші деңгейлі банктерден ақша қаражаттарын жымқырғаны әшкерленді. Топ мүшелерінің әрбір қатысушысының өз атқаратын рөлі, міндеті және нақты әрекеті болған", - делінген хабарламада.

Алаяқтар 450 тұлғаға қатысты 5 млрд теңге шамасында заңсыз несие рәсімдеген. Тіпті еліміздің бірнеше облыс тұрғындары осы ұйымдасқан қылмыстық топтың құрбаны болған.
Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша 24 тұлға күдікті деп танылып, оның 15-і сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.
Алматыда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды