АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен қазақстандық су мамандарының алғашқы тобы Қытайда біліктілік арттыру курсын бастады. Бұған дейін ведомство қытайлық әріптестерімен тиісті келісімге қол жеткізген болатын.
"Алғашқы топта 30 маман бар. Одан әрі 25 адамнан жасақталатын тағы 3 топ Қытайда оқиды. Көрші елдегі екі апталық курста жалпы саны 105 су маманы біліктілікті арттырады", - деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, оқу курсын Қытай тарапы өз есебінен ұйымдастырды және іс-шараға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінген жоқ.
"Қытай су шаруашылығы саласында озық технологияларға ие, сондықтан осы елдің тәжірибесін зерделеу еліміздің су саласын дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар, біздің министрлік басқа мемлекеттермен де осындай курстарды ұйымдастыру бойынша белсенді келіссөз жүргізуде. Осыған дейін бірнеше су маманы Франция мен Жапонияда білім алып келді", - деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Еске салсақ, биыл наурыз айында алғаш рет Қазақстан мен Қытайдың су ведомстволары су ресурстары саласында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжат су ресурстарын ұтымды және орнықты пайдалану, заманауи технологияларды енгізу, баламалы су көздерін бөлу және игеру, сондай-ақ тәжірибе алмасу және бірлесіп маман даярлау саласында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.