АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. Қосылған құн салығы салынатын шекті 40 млн теңгеге дейін төмендету келісілді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлады.
Әуелі үкімет салық реформасы аясында қазіргі 78,6 миллион теңгенің шегін 15 миллионға дейін төмендетуді ұсынған. Бірақ мәжіліс депутаттары қосылған құн салығы бойынша шекті 40 млн теңгеге дейін төмендету қажет деп шықты. Үкімет осы ұсыныспен келісті.
"Біріншіден, қосылған құн салығы 16 процент болады. Екіншіден, қосылған құн салығының шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді", - деді Жұманғарин мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, осы шараның кері жағы да бар. Атап айтқанда, 160 жаңа салық төлеуші тіркелмей қалады. Ал бюджетке 400 млрд теңгедей түспейді.