Алматы әуежайындағы оқиға: Әбдірайым өзін жәбірленуші ретінде танудан бас тартты

Екінші сот отырысында судья қызды құтқарған Мұса Әбдірайымның арызын оқыды
Sputnik
АЛМАТЫ, 9 сәуір – Sputnik. Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында әуежайда қызметкерді кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты екінші сот отырысы өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алғашқы отырыста Машрапбек Баратов адамды кепілге алу еш ойында болмағанын, істің аяқасты ушыққанын айтқан. Үш ай бойы еңбекақысын ала алмаған түнгі клубтың күзетшісі сол күні әуежайға қалай барғанын да білмейді. Ал терминалда кепілдікке алынған қыз әу баста Баратовтың өтінішін тыңдамай, жанжалдасып жағасына жармасқан көрінеді. Бұл айыпталушының алғашқы сот отырысында берген түсініктемесі.
Машрапбек Баратовқа қатысты екінші сот отырысы
Машрапбек Баратов үйленген, екі баланың әкесі. Өз түсініктемесінде ол пышақты қыздың мойнына тақамағанын, өлтіру ойында болмаған айтты. Ол пышақты азық-түлік үшін 1,5 жылдан бері қол сөмкесінде үнемі алып жүрген.
Ал екінші сот отырысында судья қызды құтқарған Мұса Әбдірайымның арызын оқыды. Онда Әбдірайым сотта өзін жәбірленуші ретінде қараудан бас тартып, ешкімге ешбір кінә артпайтынын айтқан.
Машрапбек Баратовқа қатысты екінші сот отырысы
Айыпталушы өзіне тағылған Қылмыстық Кодекстің 261-бабы 2-бөлігі "Адамды кепілдікке алу" бойынша айыпты мойындамады. Сол себепті сот процессуалдық шешім қабылдау үшін үзіліс жариялады.
Айта кетері, бұл оқиғаға қатысты үш бірдей қылмыстық іс қозғалған болатын.
Еске сала кетейік, оқыс оқиға 7 наурызда болды. Алматыдағы әуежайда ер адам әуежай қызметкерін кепілдікке алды. Жан дауысы шыққан қызды әуежайда жүрген қала тұрғыны Мұса Әбдірайым өзін кепілдікке алуды ұсынып, жәбірленушіні құтқарып қалды.