АСТАНА, 8 сәуір – Sputnik. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков соңғы астықтың қайда сатылғанын айтты.
Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда қыркүйек-наурыз айларында астық экспорты 55 процентке өсіп, 6,8 млн тонна болды. Негізгі импорттаушы елдер - Орталық Азия елдері (Өзбекстан – 2 млн 492 мың тонна, Тәжікстан – 981 мың тонна, Қырғызстан - 153 мың тонна).
"Оларға 3,6 млн тоннадан астам астық экспортталды, сондай-ақ Ауғанстанға - 264 мың тонна, ал Қытайға 824 мың тонна жіберілді. Иран мен Әзербайжан нарығына қайта оралғанымызды атап өту қажет. Бұл елдерге тиісінше 791 мың тонна (өсім 18 есе) және 459 мың тонна (өсім 98 есе) астық экспортталды", - деді Тасжүреков мәжілісте өткен отырыста.
Бүгінде астық тасымалдаушыларды қолдау үшін көлік шығындарын субсидиялау шаралары енгізілді. Үкімет қаулысы жақын арада рәсімделеді.