АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Киану Ривзге көмектеспек болған қостанайлық әйелді полиция мен банк қызметкерлері алаяқтардың әрекетінен сақтап қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанайлық 62 жастағы әйел алты ай бойы өзін Голливудтың әйгілі актері Киану Ривз деп таныстырған TikTok желісінің қолданушысымен хат алмасқан.
"Әйелдің айтуынша, ол өмірлік қиын жағдайға тап болғанын түсіндіріп, көмек сұрап, оған 400 АҚШ доллар аударуды өтінген. Әйел ақшаны шотқа қалай аудару керектігін білмегендіктен, ол банкке баруды шешкен. Банк қызметкерлері күдікті жағдайды байқаған", - дейді ведомстводағылар.
Әйел ақша аудармақ болған шот белгісіз ойын компаниясына тиесілі болған. Банк қызметкерлері дереу полицияға хабарлаған. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері уақытында әйелді ақша аудармауға көндірген.
Әйел алаяқтарға сәуір айының басында да күдіктілерге ақша жібермек болған, дейді полиция.