АСТАНА, 4 сәуір — Sputnik. Астанада Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамаш қамауға алынды, деп хабарлайды полиция департаменті.
Сәкен Мамаштың үстінен өткен жылы әйеліне жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Осыдан кейін полиция жедел тергеу тобын құрды.
"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажет сараптамалар жүргізілді. Айғақтар жинақталып, бекітілді. Тергеуден кейін сот күдіктіні қамауда ұстау туралы шешім шығарды", - деп хабарлады полиция.
Еске сала кетсек, 2024 жылы мамырда Карина Мамаш видеоүндеу жариялап, 10 жылдан бері күйеуінен қорлық көріп келе жатқанын айтқан еді. Жұбайынан аяусыз таяқ жеген келіншек Қазақстанның билік органдарынан көмек сұрады.
Көп ұзамай еліміздің сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты дереу Қазақстанға қайтарып алатынын хабарлаған болатын.