АСТАНА, 31 наурыз — Sputnik. Су тасқынына дайындық аясында Сергеев және Петропавл су тораптары жөндеуден өтті, деп хабарлайды су ресурстары және ирригация министрлігі.
Жұмыстардың негізгі бөлігі жағалауды нығайту және Сергеев пен Петропавл су тораптарының беткейін орнатуға бағытталды. Бұған дейін Сергеев су торабы бөгетінің жанында түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде ол жерден 940 текше метр топырақ алынды.
Белгілі болғандай, 19 наурыздан бері Сергеев және Петропавл су тораптарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, мүдделі органдар, сондай-ақ Ресейдің Тюмень облысындағы әріптестерімізбен су қоймаларынан су жіберу және су жинау туралы ақпарат алмасу жүргізілді.
"Сергеев су қоймасына су тасқыны басталғаннан бері 338,7 млн текше метр су келіп, 222,9 млн текше метр су жіберілді. Петропавл су қоймасына 45,2 млн текше метр су келіп, 46,1 млн текше метр су жіберілді",– делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Есіл өзенінің табиғи арнасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.