АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қытай коммунистік партиясы орталық комитеті Халықаралық бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жайы мен келешегін талқылады, деп хабарлады мәжілістің баспасөз қызметі.
"Үздіксіз дамудың басты қозғаушы күші ретінде көшбасшыларымыздың жеке достық байланыстары мен ерен еңбегін айтуға болады. Әсіресе, соңғы жылдар қазақ-қытай қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруде маңызды кезеңге айналды. Мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің салып берген жолымен парламентаралық байланыстарымызды одан әрі дамытамыз деп сенемін", – деді мәжіліс төрағасы.
Оның айтуынша екі ел парламенттерінің ықпалдастығын нығайтуда былтырғы мәжіліс делегациясының Қытайға сапары тың қарқын берген.
Тараптар "AMANAT" партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін де талқылады.
Ал Лю Цзяньчао елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірді.