АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Оңтүстік Кореядағы өрт кезінде 18 адам қаза тапты, тағы бір адам жоғалып кеткен, деп хабарлады Рёнхап жаңалықтар агенттігі.
Олардың көпшілігі өрт аймағынан уақытында шыға алмай, тұншығып өлген. Янъян округінде тірідей өртеніп кеткен төрт адамның денесі табылды. Оңтүстік-шығыстағы алапат өрт осымен алтыншы күн сөндіріліп жатыр. Қатты соққан жел мен құрғақшылық тілсіз жауды өршітіп тұр, деп хабарлады агенттік.
Жергілікті билік бұл өртті "ел тарихындағы ең қорқынышты төтенше жағдай" деп атады. Тілсіз жаудың салдарынан 17 мың гектар орман, 209 үй мен фабрика өртеніп кетті. Бірнеше тарихи буддистік ғибадатханалар отқа оранды. 27 мың адам эвакуацияланды. Өртті сөндіруге 5 мыңға жуық әскери қызметші мен 146 тікұшақ жұмылдырылған.