АСТАНА, 26 наурыз – Sputnik. Ұлттық құрамалардың кездесуі Вадусц қаласындағы "Райнпарк" стадионында өтіп, 2:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.
Бірінші тайм Әли Әлиев шәкірттерінің басымдығымен өтті – Максим Самородов пен Александр Марочкин гол соқты.
Үзілістен кейін есеп өзгеріссіз қалды.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді – Әлиевтің командасы үш ұпаймен J тобында үшінші орында тұр. Лихтенштейн қатарынан екінші рет жеңіліске ұшырады.
Еске салайық, іріктеу науқаны басталғанда Қазақстан Уэльстен (1:3), ал Лихтенштейн Солтүстік Македониядан (0:3) жеңілген болатын.