АЛМАТЫ, 24 наурыз – Sputnik. Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
"Қазіргі уақытта Жарқайың ауданының Державинск қаласында Есіл өзенінің арнасындағы бөгетті нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 200 метрге жуық 1400 қап төселді", - дейді ведомство.
Қаптар инертті материалдармен толтырылып жатыр. Министрліктің мәліметінше, құтқарушылар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Еске сала кетейік, кеше өңірлерден Ақмола облысына 21 құтқарушы мен 5 арнайы техника, сондай-ақ 10 бірлік техникасы бар 12 қызметкер аттанғаны хабарланған болатын.