АСТАНА, 24 наурыз – Sputnik. Ақмола облысының Степногорск қаласында жол апатынан төрт адам қаза тапты, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
"Степногорск-Заводская кентінің" автожолында "ВАЗ" маркалы автомобиль және "YUTONG" автобусы соқтығысқан. Салдарынан төрт адам қайтыс болды.
"Апат салдарынан "ВАЗ" маркалы автокөліктің жолаушылары мен жүргізуші алған жарақатынан қайтыс болды. "ВАЗ" автокөлігінің екі кәмелетке толмаған жолаушысы түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жатқызылды", - деп хабарлады полиция департаменті.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп атап өтті полиция.