АСТАНА, 23 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кирсти Ковентриге Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті болып сайлануына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан президенті Зимбабве өкілінің спорттағы айтулы жетістіктерін және мемлекеттік қызметтегі бай тәжірибесін атап өтті.
Тоқаев оның халықаралық олимпиада қозғалысын дамытудағы қызметіне сәттілік тіледі.
Халықаралық Олимпиада комитеті – Олимпиада ойындарын жандандыру және Олимпиада қозғалысын насихаттау мақсатында құрылған халықаралық ұйым. Комитеттің штаб-пәтері Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқан.