Көкшетауда да рекорд тіркелді: кимешек киген аналар шеруі өтті

Бұл шеруге 1600 әйел қатысып, республика бойынша жаңа рекорд орнатылды
Sputnik
АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. Көкшетауда ұлттық дәстүрімізді дәріптеген ерекше шара өтті. Кимешек киген аналардың шеруі Қазақстан рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Ақмола облыстық әкімдігі.
Бұл шеруге 1600 әйел қатысып, республика бойынша жаңа рекорд орнатылды.
Шеруге көпбалалы аналар, ұстаздар, дәрігерлер, өнер адамдары мен өзге де сала өкілдері қатысты. Сондай-ақ, шараға Астана мен Солтүстік Қазақстан облысынан келген нәзікжандылар да қосылды.
Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков шеруді рекорд ретінде тіркеп, Ақмола облысының әкіміне арнайы сертификат табыстады.
Көкшетауда кимешек киген аналардың шеруі Қазақстан рекордтар кітабына енді
"Бүгін 1600 ана кимешек киіп, ұлттық дәстүріміздің мәртебесін асқақтатты. Бұл – ел тарихындағы айрықша оқиға", – деді ол.
"Ақ кимешек" шеруі Абылай хан алаңындағы басты сахнада LED-экран арқылы тікелей эфирден көрсетіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады.