АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Прездент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына арналған этноауылда қолөнер жәрмеңкесін аралап шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл көрмеге отандық қолөнершілермен қатар Қытай, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Иран мен Тәжікстан шеберлері де келді.
"Президентке ұлттық ойындар, қазақстандық дизайнерлер мен танымал брендтердің ұлттық киім үлгілері таныстырылды", - делінген Ақорданың ресми хабарламасында.
Айта кетері, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын Алматы қаласында қарсы алған. Биыл Астанадағы "Expo" көрме орталығында барып, сол жерде ашылған этноауылда қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Президент биылғы негізгі мерейтойларды да атады.