АСТАНА, 18 наурыз - Sputnik. Жеңісінің 80 жылдығына орай қазақстандық соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің порталы жаңартылады. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үкімет отырысында мәлімдеді.
"Батырларға тағзым" порталы 2014 жылдың 9 мамырынан бастап соғысқа қатысушылар туралы мәліметтермен толықтырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін ресурста 10 мыңнан астам қазақстандық туралы ақпарат бар.
9 мамырға қарай порталдың жаңартылған нұсқасы іске қосылады. Қазақстанның мұрағат қорларында сақталатын барлық мәліметті жинақтау мақсатында бұл портал "е-Мұрағат" жүйесімен біріктірілетін болады, - деді Аида Балаева.
Портал әрбір қазақстандыққа сол кезеңдегі бірегей мұрағаттық деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов бұл жұмысты жеделдетуді тапсырды.
"Е-мұрағат" деректерін "Батырларға тағзым" онлайн-платформасымен синхрондау бойынша жұмысты аяқтау қажет. Біз барлық тарихи құжаттарды ұлттық цифрлық мұрағат базасында сақтап, оларға қол жеткізуге мүмкіндік береміз", — деді ол.
Порталда Қазақстанның түрлі аймақтарынан соғыс ардагерлері туралы ақпарат жиналды. Елімізден 1,3 миллион қазақстандық майданға аттанып, олардың жартысы ұрыс даласында қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Еңбек министрлігі республикада 120 соғыс ардагері және Жеңіске жетуге үлес қосқан 42,5 мыңнан астам азамат тұратынын хабарлады.