Тұрғындарды 2 млрд теңгеге алдап кеткен: қаржы пирамидасын құрғандарға сот үкімі шықты

Қаржы пирамидасына 376 азамат 2 миллиард теңгеден астам қаражат құйған
Sputnik
АСТАНА, 17 наурыз — Sputnik. Павлодарда "ХАС" деп аталатын қаржы пирамидасын құру бойынша резонансты іске қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды өңір прокуратурасы.
2022-2023 жылдар аралығында қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны анықталды. Олар азаматтарды инвестиция құю арқылы табысы еселенетініне сендірген. Салынған қаржының үстінен 70%-ға дейін пайда көретініне сенген салымшылар соңында сан соғып қалған.

"Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа да елді мекендерден 376 азамат алаяқтарға 2 миллиард теңгеден астам қаражат тапсырған", - делінген хабарламада.

Сот қаржы пирамидасының негізін қалаушыны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыстық топтың қалған мүшелері де түрлі мерзім мен жаза түрлеріне кесілді.
Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.
Алматыда қаржы пирамидасы салымшылардан 12,4 млрд теңге тартқан