АСТАНА, 14 наурыз — Sputnik. Сот "Каскор-Транссервис" АҚ-на магистральдық темір жол желісін мемлекеттік меншікке беруді міндеттеді, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасы.
Жеке меншік компания Маңғышлақ станциясынан Ақтау теңіз портына дейінгі аралықты қамтитын магистральдық теміржол жолды иемденіп келген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес магистральдық теміржол жолдары мемлекет меншігінде болуы тиіс.
"Осы объектілердің стратегиялық маңыздылығын және оларды мемлекет меншігіне қайтару қажеттігін ескере отырып, прокуратураның қадағалау актісі бойынша көлік министрлігі сотқа талап арызбен жүгінді", - делінген хабарламада.
Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап арыз толығымен қанағаттандырылды.
Бұл шешім Қазақстанның көлік инфрақұрылымының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды қадам болып табылады және мемлекеттің темір жол желісінің негізгі объектілерін бақылауына кепілдік береді.