АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің жары, белгілі мәдениет қайраткері Дариға Тілендиеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі композитор, "Отырар сазы" ұлт аспаптары академиялық оркестрінің негізін қалаушы Нұрғиса Тілендиевтің жары, белгілі мәдениет қайраткері Дариға Тілендиеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты", - деп жазылған хабарламада.
Дариға Тілендиева кеше 79 жасында қайтыс болды. Ол алғаш рет "Қазақфильм" киностудиясының "Құлагер" фильміне түсіп, кейін "Алты жасар Алпамыс", "Қоштасқым келмейді", "Жамбыл" және тағы басқа көркем фильмдерде түрлі рөлдерді сомдады.
1993-2010 жылдар аралығында Нұрғиса Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрде конферансье болып жұмыс істеді.
Сонымен қатар Дариға Тілендиева көптеген ән мен күйдің авторы.