АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. Биыл қатерлі ісікке қарсы отандық препарат тіркеледі. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде онкологиялық ауруларға қарсы препаратты клиникалық зерттеуден өткізіп жатыр.
"Былтыр зерттеудің бірінші кезеңі болған. Қазір оған қатысатын науқастардың саны көбейді, қатерлі ісіктің барлық түріне сынақ жасалып жатыр. Былтыр тоқ ішектің қатерлі ісігі ғана зерттелді. Жыл соңында бұл препаратты тіркеуден өткізіп, нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз",-деді Нұрбек үкіметте өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, зерттеу нәтижесі жақсы әрі тұрақты.
"Жыл соңында бәрін қорытындылап, арнайы баспасөз мәслихатын өткіземіз",-деп түйіндеді министр.