Үлескерлер үшін маңызды өзгеріс заңға енгізілуі мүмкін

Үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылады
Sputnik
АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Үкімет үлескерлермен келісімшартты рәсімдеу жүйесіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұдан былай құрылыс компанияға қарасты фирмалар да баспананың уақытында тапсырылуына жауапты болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, қазіргі кезде құрылыс компаниясы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қамтамасыз етуге және құрылыс аяқталғаннан кейін пәтерді үлескерге беруге міндетті. Осылайша, келісімшартта тек екі тарап көрсетіледі.

"Алайда, іс жүзінде құрылыс салушылар объектінің құрылысын бір компаниямен жүзеге асырады және азаматтарға басқа компания арқылы сатады. Сөйтіп, құрылыс компаниясы үшінші тарапты қосу арқылы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңмен реттелетін талаптардан жалтаруы мүмкін", - деді Жұманғарин мәжілістің бүгінгі отырысында.

Енді үлескерлердің ақшасын тартып, сатумен айналысатын компанияларға да заң талаптары қолданылады.
Астанада бір үйде тіркелетін адам санын шектеу: заң жобасы мәжіліске түсті