АСТАНА, 4 наурыз - Sputnik. Абай облысында әйел мен оның жаңа туған сәбиінің өлімінен кейін полицейлер сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Үржар аудандық полиция бөлімі медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады", - деп хабарлады Абай облысының полиция департаменті.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық қамтамасыз етуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қажетті сот-медициналық сараптамалар белгіленді. Оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады, дейді полицейлер.
Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында Үржар аудандық ауруханасында үш баланың анасы мен оның жаңа туған сәбиі қайтыс болды. Отбасы мүшелерінің айтуынша, 34 жастағы әйел медициналық мекемеге босануға келген, оған дейін өзін қалыпты сезінген.
Көз жұмған келіншектің туыстары дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Ауруханада арнайы комиссия тексеріс жұмыстарын бастады.