Алғыс айту челленджі: елорда тұрғындары жантебірентерлік хабарламалар жазды

Sputnik
АСТАНА, 1 наурыз– Sputnik. Алғыс айту күніне орай астаналықтар әлеуметтік желіде белсенді түрде таралып жатқан "Мен алғыс айтамын..." атты челлендж бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Челлендж аясында астаналықтар өздерінің тәлімгерлеріне, ұстаздарына, жаттықтырушыларына және елорданың игілігі үшін еңбек етіп жүрген басқа да қала тұрғындарына алғыс айтқан видео хабарламалар түсіреді.
Бұл бастамаға Астана IT университетінің студенттері қосылды. Университеттің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған бейнероликте Ауғанстан, Германия, Тәжікстан, Украина және Қазақстан студенттері ұстаздарына білім мен берген мүмкіндіктері үшін, ал достарына қолдау мен мейірімділік үшін алғысын білдіреді.
Елордалық "Тұран" университетінің студенттері де шет қалмады.
"Құрметті қазақстандықтар! Тұран университеті Сіздерді Алғыс күнімен құттықтайды! Бұл күн бірліктің, мейірімділіктің, өзара қолдаудың күшін еске салады. Қазақстан мәдени әртүрлілік пен дәстүрге бай. "Тұран университетінің жастары баршаңызға бейбітшілік пен тыныштық тілейміз!" - деп алғысын білдіреді.
Бұл бастаманы "Есіл" университеті де қолдады.
"Мен университетке білім алуда көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын. Ұстаздарымызға білімдері үшін, еңбектері мен шыдамдылықтары үшін алғысымды білдіремін", - деп Есіл университетінің студенттері осындай хабарламалармен бейнероликтер түсірді.
Челленджге астаналық журналистер де қосылды.
"Осы атаулы күні біз Астанадағы барлық автобус парктерінің қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамыз! Сіздер жылдың кез келген уақытында қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етесіздер. Барлығымыз діттеген жерімізге аман-есен жетуіміз үшін тоқтаусыз жұмыс істеп жатырсыздар. Осы салада еңбек етіп жүрген әрбір жүргізушіге, механикке, диспетчерге және әрбір маманға мың алғыс! Сіздердің адал еңбектеріңіз бен мейірімді көзқарастарыңыз бізге өте қымбат", - деп алғысын білдірді елордалық "Астана ақшамы" газетінің ұжымы.
Әкімдіктің хабарлауынша, Астана қаласы мәдениет басқармасына қарасты мәдени мекемелер ұжымы Алғыс айту күніне орай алғыс айту эстафетасын жалғастырды.
Әр азаматтың ел тағдырына жауапты екенін толық сезіне білуі маңызды - президент