Жас ғалымдар жаңа пәтерге ие болды

Мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түсті
Sputnik
АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев 9 жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлік 2024 жылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жасқа дейін қоса алғанда) тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түсті.
"Бұл – жас ғалымдарға үлкен қолдау. Жастардың ғылыммен айналысуын ынталандыруға бағытталған осы бағдарламаның іске қосылғанына қуаныштымын. Бұл ғылымды ілгерілету жолындағы маңызды қадам екеніне сенімдіміз", – деді Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Балжан Найманова.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүргізуде. Жас ғалымдар санының артуы ғылымның дамуына, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға, сондай-ақ жаңа экономикалық кластерлер құруға оң әсер етеді.
Астанада құрылысы ұзаққа созылған екі тұрғын үйдің үлескерлері баспана кілтін алды