АСТАНА, 18 ақпан — Sputnik. Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақмыс" корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады", - деп жазылған хабарламада.
Тоқаев үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.
Еске салайық, 17 ақпан күні Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-нің Жомарт кенішінде тау жынысы опырылды. Оқиға салдарынан жеті жұмысшы үйінді астында қалды. Тірі қалған ешкім жоқ, қылмыстық іс қозғалды.