АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокурорлармен бірге Шымкент қаласында есірткі зертханасын анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Заңсыз зертхана 6 ақпанда анықталды. Зертхана анықталған кезде бір азамат психотроптық заттарды дайындау үстінде ұсталды. Ол соттың санкциясымен қамауға алынды.
"Тінту кезінде 7 килограммнан аса "альфа-PVP" есірткі құралы, 500 литр прекурсорлар мен зертханалық жабдықтар тәркіленген", - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу, аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін 15 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі де тәркіленеді.