АСТАНА, 11 ақпан– Sputnik. Үкімет қосылған құн салығына қатысты соңғы ұсынысты бір аптадан кейін парламенттің қарауына енгізеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санатымен егжей-тегжейлі талқылау керек. Мен де Астанада және өңірлерге барып, талқылаулар өткіземін. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді 20 ақпанға дейін мәжіліске енгізу керек. Ары қарай мәжілісте талқылауды жалғастырамыз", — деді Олжас Бектенов.
Үкімет бастамаларын өңірлердегі бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен талқылау үшін 6 жұмыс тобы құрылды.
Еске сала кетейік, үкіметтің бүгінгі отырысында қосылған құн салығына қатысты соңғы ұсыныстар қаралды. Оған сәйкес, кәсіпкерлер үшін қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 16 процент деңгейінде бекітіледі. Одан кейін 10 проценттік салық болады. Оны денсаулық және тағы бірқатар салаларда енгізеді. Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін ешқандай салық болмайды.