АСТАНА, 4 ақпан — Sputnik. Қазақстан Ұлттық Банкі 2024 жылы сұраныстан тыс қалған ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларын екінші деңгейлі банктерден сатып алу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Шетелдік контрсеріктестердің нарықтық бағамы негізінде комиссиялық сыйақы белгіленді. Өткен жылдың соңында Ұлттық банк екінші деңгейлік банктерден қабылданған 48 миллион АҚШ доллары көлемінде сұраныстан тыс қалған қолма-қол ақшаны шығарды", - деп жазылған хабарламада.
Ұлттық банк тікелей АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесімен ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларын қабылдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізген. Бұл өз кезегінде тасымалдау, сақтандыру секілді басқа да шығындарды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша бұл операциялар бойынша комиссиялық сыйақы 0,3%-ға төмендетілді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, сұраныста жоқ қолма-қол ақшаның жиналып қалу мәселесін шешу үшін бұл операциялар уақытша шара ретінде жалғасын табады.