АЛМАТЫ, 3. ақпан - Sputnik. Түркістан облысында Кентау - Түркістан тасжолында жол апаты болып, 6 адам қайтыс болды. Төрт адам ауруханада жатыр.
Дәрігерлер үш науқастың жағдайын өте ауыр деді. Қайғылы оқиға 3 ақпанда болған.
""Ауди" маркалы екі автомобиль соғылып, біреуі жанып кетті. Алдын ала мәліметтер бойынша, жеңіл көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, басқа көлікпен соқтығысқан. Апат салдарынан 6 адам қаза тауып, 4 адам түрлі дене жарақаттарымен Кентау қаласының медициналық мекемесіне жатқызылды", - дейді облыстық полиция департаменті.
Полиция тергеу жүргізіп жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайы туралы айтты.
"Төрт науқас қабылдау бөліміне жеткізілді. Үшеуінің жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Бір науқас травматология бөліміне жатқызылды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.