АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Шымкент қаласында мүгедек балалардың ата-аналарынан ақша жинаған мебдике мен оның сыбайласы сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Бегалаева мен №12 қалалық емхананың медбикесі Ирбаева мүгедектік топтарын ақшаға белгілеп отырған. Біреуі пара алса, екіншісі мүгедек балалардың ата-аналарынан ақша жинап жүрген.
"Бегалаева бірнеше рет пара алғаны үшін, Ирбаева мүгедектік топтарын келіскені үшін - мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан жалпы сомасы 500 мың теңгеге пара алуда бірнеше рет делдалдық жасағаны үшін - кінәлі деп танылды", - деді агенттіктің ресми өкілі Даниял Бигайдаров бүгінгі брифингте.
Сот үкімімен Бегалаеваға 23,3 млн теңге, Ирбаеваға 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кетері, айыппұл төленбеген жағдайда қамауға алу шарасы қолданылады.