АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Астанадағы жиһаз цехында өрт шықты, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
"Осы сәтте елордалық өрт сөндірушілер Сарыарқа ауданы Республика даңғылы бойындағы жиһаз цехының төменгі қабатындағы өртті сөндіруде", - деп хабар таратты министрліктің баспасөз қызметі.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Өрт 25 минут ішінде сөндірілді.
"Нақтыланған мәліметтер бойынша Сарыарқа ауданы Республика даңғылы бойындағы 5 қабатты тұрғын үйдің ірге қабатында орналасқан жиһаз цехындағы қоймада өрт шықты. ТЖМ күштері баспалдақ маршымен 21 адамды, оның ішінде 11 баланы құтқарды", - деп жазылған хабарламада.
Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 47 адам, оның ішінде 16 бала өз бетінше далаға шыққан.