"Қазатомөнеркәсіп" жаңа учаскеде уранға барлау жүргізеді

Лицензия 5 жылға ұзарту мүмкіндігімен 6 жыл мерзімге берілді
Sputnik
АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы Инкай - Мыңқұдық учаскесінде уранды барлау үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алды, деп хабарлайды компания.
Лицензия 5 жылға ұзарту мүмкіндігімен 6 жыл мерзімге берілді.
"Инкай–Мыңқұдық" учаскесі Түркістан облысының Созақ ауданындағы "Шу–Сарысу"уран провинциясында орналасқан. Жер қойнауын пайдалану құқығы тек Қазатомөнеркәсіпке тиесілі, бұл учаске Инкай кен орнының Солтүстік қапталында жатыр.
"Инкай-Мыңқұдық учаскесін барлау минералды-шикізат базасын кеңейту және тиімді пайдалану бойынша біз бекіткен стратегияның маңызды бөлігі, сондай-ақ компанияның тұрақты өсуіне мүмкіндік береді. Учаскенің әлеуеті зор. Біз уран кен орындарын іздеу және барлау саласындағы жұмысымыз әлемдік уран нарығындағы көшбасшылығымызды нығайтатына сенімдіміз", - деді Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Р1 және Р2 санаттары бойынша Инкай - Мыңқұдық учаскесінің болжамды ресурстары 20 мың тонна ураннан асады. Жақын арада ресурстарды нақтылау және оларды С1 және С2 жоғары санаттарына ауыстыру үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, бұл учаскенің әлеуетін тиімді пайдалануға және компанияның ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларын табысты іске асыруға мүмкіндік береді, дейді ведомстводағылар.
"Қазатомөнеркәсіп" өңірлерді дамытуға 3,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді