АСТАНА, 29 қаңтар – Sputnik. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңадан салынатын жылу электр орталықтарының қандай отынмен жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресей мамандары Қазақстанның үш қаласында – Көкшетау, Семей мен Өскеменде жылу электр орталықтарын салуға қатысады. Министр Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, үш станцияның жобалық отыны – көмір. Бірақ артынан газға ауыстыруға да болады.
"Бүгінде солтүстік пен шығыс аймақтарды газдандыру жоспары бар. Көгілдір газ "Сарыарқа" құбырымен келеді, я болмаса, Ресейден тасымалданады. Осы сценарийдің біреуі іске асырылса, жылу электр станцияларын газға ауыстыруға болады. Ондай технология бар", - деді Сәтқалиев мәжілістің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, бұған дейін Алматыдағы ЖЭО да газға ауыстырылған болатын.